|
|
|
 |
22-02-2021 |
|
Архив директорының міндетін атқарушы тағайындалды
|
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың бұйрығымен Мұхит... |
 |
18-02-2021 |
|
Министрліктің алқа мәжілісі өтті
|
Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің... |
 |
26-01-2021 |
|
Сенаторлар: архивтерді дамытуға ерекше көңіл бөліну керек
|
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері еліміздің Мәдениет және... |
 |
18-01-2021 |
|
Ақтоты Райымқұлова Мәдениет және спорт министрі болып қайта тағайындалды
|
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Үкімет мүшелерін бекітті. Ақтоты Рахметоллақызы... |
|
|
|
|
|
17 мамыр 2013 жыл |
2013 жылы 17 мамыр күні Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатының құрылуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми тәжірбиелік конференция өтті.
| 05 сәуір 2013 жыл |
2003 жылдың сәуір айының 3-де Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Мысыр Араб Республикасы Елшілігінің Египет мәдениет орталығымен бірігіп, «Қазақстанның араб елдерімен тіл білімі, тарих және мәдениет салаларындағы байланысы» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
| 04 сәуір 2013 жыл |
2013 жылдың 4 сәуір айында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-ның ән ұранының авторларының бірі Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойына орай дөңгелек үстел және «Қазақ музыкасының бәйтерегі» атты кітап-альбомының тұсаукесеріне арналған көрме ұйымдастырылды.
| 18 қазан 2012 жыл |
Қазан айының он сегізінде мұрағат «МИЦВА» Қазақстан еврей ұлттық ұйымдарының ассоциациясымен бірігіп, Халықаралық ғылыми конференция өткізді.
|
|
|
|
|
 |
Ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтың туылғанына 125 жыл
|
Ілияс Жансүгіров 1894 жылдың мамыр айының 14-де Алматы облысы Ақсу ауданының Қызылтаң совхозында орта шаруалы, жартылай көшпелі диқан жанұясында дүниеге келген.
Алғашқы білімді әкесі Жансүгірден алады. 1910 жылы Ақсу ауданында алғаш ашылған Қарағаштағы «Мамания» мектебіне түсіп, 1917 жылға дейін сол мектепте ара-тұра оқып жүреді.
1917-1920 жылдар аралығында оқуын жалғастыра алмай, өз ауылында жанұясына көмектесіп, егін егіп, мал бағумен болады.
1920 жылы Ташкенттегі қазақ, қырғыздарға арналып ашылған мұғалімдер дайындайтын курста оқиды. Курсты бітірген соң, 1921 жылы Ақсу ауданындағы Белтоғанда алғаш ашылған бастауыш мектепте мұғалім болып қызмет жасайды.
Сонымен қатар 1921 жылы Жетісуда ұйымдастырылған Жарлы-жалшы ұйымына мүше болып, сол ұйымда да қызмет атқарады. 1923 жылдың басында Облыстық Қосшы комитетінің шақыруымен Алматыға келіп, Облыстық Қосшы комитетінде және «Тілші» газетінде жұмыс жасайды. Қазақ-қырғыз институтының даярлық бөлімдерінде қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқытады.
1924 жылы аталған институтқа директор болып тағайындалады.
1925 жылы Алматы Губерниялық ағарту бөліміне менгеруші болып бекітіледі.
1925 жылы Москвадағы тілші факультетін тәмамдап, Қызылордада «Еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс жасайды.
1930-1932 жылдары Қазақ драма театрында әдеби қызметкер және Қазақ халқы тұрмысы туралы бірінші түсірілген «Дала жыры» атты кино очеркте әдеби консультант міндеттерін атқарады.
1932-1935 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының председателі қызметінде болады.
1936-1937 жылдары Қазақ Көркем әдебиет баспасының поэзия бөлімінде редактор қызметін атқарады.
Ілияс Жансүгіров өзінің өте қысқа шығармашылық өмірінде әдебиеттің барлық жанрларында өте құнды еңбектер қалдырды.
Қазіргі уақытта ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтың жеке қоры, атап айтсақ, төте жазумен жазылған көптеген тың поэмалары, өлеңдері, аудармалары, әңгімелері, күнделік дәптерлері, көп туындыларының бірнеше варианттары, көптеген хаттары және т.б. құнды құжаттары 1978 жылы қызы Ильфия Ильясовнаның сый ретінде тапсыруымен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы.
Ілияс Жансүгіровтің жеке қорында сақтаулы 1928 жылы баспа беттерінде жарияланған «Қысқаша өмірбаяным» атты еңбегін және фотосуреттерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Аталған еңбек сол қалпында еш өзгертулерсіз беріліп отыр.
Ілияс Жансүгіров Қысқаша өмірбаяным
Өмір таңы балалық қой. Оны еске алса, өскен жерім көзіме елестейді. Тауда – ала қарлы асқар, жазық жайлау, құжыр құз; ойда - боз дала, құла құм, олардың ортасынан кезіп аққан иір өзен. Өзен өлкесі ө түлкі жүн, құла қамыс, тал, жаңғыл, жиде.Қыры – теріскен, қара жусан. Ойы – ши, ұсақ құрақ. Құмы сағыз, селеу, қылша. Қырда, құм ішінде, өлкеде, өзен бойында шоқ-шоқ қыстау. Шошайта үйген қамыс, шошақ шөп, сарғыш маялар. Міне, менің өскен жерім. Бұл – Жөңкенің (Жұңғар) алатауынан құлап ағып, Балқашқа құятын Ақсу өзенінің бойы. Әзіргі атақпен төртінші ауыл, Ақсу болысы, Талдықорған уезі, Жетісу губернесі. Ел жөнінен: орта жүз, Найман, Матай, Аталық, Қайнар деген ұрудан әкем тоғызыншы ата.
Жансүгір-әкем... Көзі тірі, жылы жылан, жетпіс бірде. Жарым көшпелі жұқана шаруа, “намазды дұрыс оқырлық” мұсылманшасы бар. Ескілігі күшті адам. Менің жылымды “жылқы” деседі. Онысы 1894-жыл. Жазғасалым туыппын. Ел ішінде туған ай-күніңді қайдан табарсың! Анамды аз білем. Төрт жасымда жетім қалдым.
Шүу дегенде әліп-биді әкем өзі оқытты. Иманшарт, әптиекті ежік-сүресінде сүйретіп жүріп, құранға түсірген. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзын түндерінде, білтелі шамның жарығында, шыбықты ала отыра, мені оқытушы еді.
Ондағы оқудан мақсат - “бұл дүние үшін қолында қой-серкештік хаты болса, о дүние үшін ауызында имены болып, бес мезгіл намазы болса” – сол еді. Орыс оқуының, өнер оқуының не екенін, неге керектігін ұғынатын жан мен өскен маңайда болған емес.
Бертін келе әкем аяғымды шырмады. “Бас қусыру” өзімнің де үлкен мақсатым болды. Бір үйдің шаруа жүзіндегі сүйенген азаматы болдым. Егін-пішен, арық-тоған, жаз жұрт қатарлы тіршілік ету, қыс бірлі-жарым қара-құраны қыстан аман алып шығу-мойнымда болды. Оқу талабы біржола сөнді. Күнбе-күнгі өмір шырмауында қалдым. Оқу ойда болғанымен де, көзсіз көбелектей соқырдың барар жері-басар тауы болмады...
Бірақ бала жасымнан сөзге үйірлеу, құйма құлақтау едім. Қонақ айтатын әңгіме, балалар айтысқан жұмбақ, кемпірлердің ескі ескермесі, қыз-жігіт айтысқан қара өлеңдер, ұрыс-соғыс хабарлары – менің маңқиып тыңдаған нәрселерім.
Хат білген соң, өлең кітап оқығыш болдым. «Қыз Жібек», қиссаларды мен оқығанда талай жан жылайтын. Кейін аймағымыздың, ауыл бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып, құтырған күндер өтті. Түнгі тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан түндер кетті... Өмірім бозбалалық дәуірінде тапқан өнерім жоғарғы болды. Қараңғы надан болдым. Талай адастым, талай тентектік істедім. Өмір жүзінде мұқтаждыққа ұшырадым. Қолда көк тиын жоқ, жаяулық, жалаңаштық көрдім. Жоқшылық жанымды талай жандырды. Надандық талай балшыққа ұрындырды. Көзсіз көбелектей адастым. Осы надан күйімше келіп, 1920-жылы кеңес өкіметін көрдім. Кеңес өкіметіне ілінуден арғы өмірім, алтын өмірім надандық, соқырлық, шырмаяқ сергелдеңмен өтті. Оны соңынан ескерген «Өмір» деген өлеңімнің бір жерінде былай дегенім бар:
Жастық- алтын, жағдайың жазғы салқын.
Жастық- жалқық, жан жанса, емес алтын.
Жастық- жасық, жаңырлық жай болмаса
Жастық- қорлық білімсіз қара қарқын.
Сол қорлықта қор болып өстім мен де,
Қор ержетіп өмірде ес білген бе?
Содыр, соқыр болыппын сол күндерде,
Енді есіме түседі-ау ес білгенде.
Өткен өмірге бүгінгі көзі тірісін, көптің қараңғылығын пайдаланғысы келіп, «Әлмисақтан бері мұсылман» болғысы келетіндерден аулақпын. Өз басым 1921-жылға шейін тап түгіл, болып жатқан бостандықтың, қан ағып жатқан соғыстың мәнісін түсінген жоқпын. Өйткені, өскен ортам, оқуым түрі жоғарғыдай болды... Біздің анық кеңес өкіметін көргеніміз 1920-21-жылдан.
* * *
Ұнаған сөзді көшіріп ала беретінмін. Бүгінгі қолыма сәтен ораған сары қағазға,бидай сия, қауырсын қаламмен соқырдай жазған бір өлең түсті. Басы жоқ. Былай басталыпты:
...Енеді жаздың көркі жыл құсымен,
Жас күлер жайраңдасып құрбысымен,
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал
Өзіңнің жалбаңдасар тұрғысымен.
Ұнап кетті. Көшіріп алдым. Иесі кім екенін білгенім жоқ. Онда Абайдың атын да естімегенмін.
Абайдың кітабы қолыма 1916-жылдың күзінде түсті. Қатты әсер етті. Оған шейінгі көрген, оқыған әдебиетімнің бәрін Абай кітабы жоққа шығарғандай болды. Ойым ояна бастады. Қанбай, қайта-қайта оқи беретін болдым. Өзімде бір түрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сезгендей болдым. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келесе де шұқылап, өмірді өлең қыла бастадым. Бірақ сарыны жылау, айналадан наразылық, торығу, өзіңді өзгеден бөлектенген адам санау сияқты бірдемелер жазылып қалып жүрді. Тақырыпта да, түрде де Абай торында қалдым. Сол қыста бір талай өлеңдер жаздым. Оның астын “Балдырған” қойдым. Бірақ бұл өлеңдерімнің көпке берерлік жаңалығы жоқ еді. Тіпті Абайдың орыстан аударған мысалдарын да өлең қылып әуреленіппін. Мәселен “Бұлбұл мен Есек” деген өлеңімнің бір жері әлі есімде:
Салды бұлбұл енді әнге,
Құйқылжытқан келді әнге;
Тау менен тас мұнданып,
Арғы мен салды бергі әнге.
Ағаш, тоғай қуанып,
Әп кетті ертіп жерді әнге;
Қоян, қозы, қой, қасқыр,
Тоқтап тұрды жел де әнге.
Жан – жануар таңырқап,
Тамсандырды елді әнге;
Тоқсан толғап қайырып,
Тоқтады барып әреңге...
Міне, Абаймен алғаш танысқанмын. Абайдың маған еткен әсері. Менің қаламға жармасуыма Абай кітабы итермеші болды.
Бірақ, сол қыстан кейін жазуды тастап кеттім. Жыл бостандық болды. Бостандықтың не екенін түсінбегенімді, ол кезде әлеумет жұмысына араласпағанымды, жалпы төңкеріс туралы жоғарыда айттым. Жабайы шаруаның адамы болып, күнбе-күнгі күнім соның тірнегінде өтті. Ол жылғы жазылған бірлі – жарым өлеңдерім болса, ол жоғарыда айтқан “Балдырған” атты жинағыма кірген болар. Қолымда жоқ, не жазғанымды білмеймін.
1918-жылдан бастап, біздің жақ апалаң-топлаң майдан астында қалды. Ақ пен қызыл соғысты. Алаш әскері қазақ-орысқа қосылып, большевикті жаулап жатты. Ел ішінде мен сияқтылар түгін де ұғынған жоқ. Бірақ көргеніміз: ел таланды, үркін-қорқынға ұшырады. Ақтар, алаштар елдің ерін мойнына кетірді. Ел жаз еңбек ете алмады. Қысында жұтқа ұшырады. Аштыққа шалдықты. Ауылымызбен торғайдай тозып, төмен, (Балқашқа қарай құмға) кеттік. Балапан басына, тұрымтай тұсына.
1919 жылы ауылда ауру болдым. Жүдеушілік, жоқшылық қысып, жаным жаншылды. Жазу жазып, қалам ұстамақ түгілі, байтал түгіл, бас қайғы...
***
1920-жыл ақтар жеңіліп, алаштар тарады. Кеңес өкіметі орнады. Ел аш. Жұттан шыққан жұрт. Жер – жерде ревкомдар жасалды. Аштарға бидай үлестіретін ауылдағы комитеттің мүшесі болып қызмет істедім. Алғашқы әлеумет қызметім осы.
Кешікпей Алматыда қысқы мезгілде оқытушылар дайындайтын курске тіленіп, Алматыға келдім. Курске кірдім.
Бұл уақытта Түркістан ағарту комиссариаты тарапынан Жетісу – Сырдариядан ел әдебиетін жинауға комиссия шығарған екен. Курсте олар жұмысын жариялаған соң, жоғарғы “Балдырған” атты өлеңдерімді соларға ұсындым. Комиссия Тәшкен ақшасына сатып алды. Өзімді әдебиет жинасуға курстен шығарып алды. Жаздай Жетісудың Лепсі, Қапал уездерінен ел әдебиетін жинаумен болдық. Күзде осы комиссиямен еріп, оқу іздеп, Тәшкен келдім. Тәшкенде алғаш қазақ-қырғыз оқу институты ашылған екен. Көз таныс таба алмай, көп қиындықпен соның оқытушылар дайындайтын екі жылдық курсіне кірдім. Қазақ ана тілін, орыс таңбасын содан бастап оқыдым. Қалалы жерде қайнаған өмірлі, оқулы әлеуметтің ортасында болғаным сол. Қазақтың газетін, театрын, бірлі-жарым жазушыларын көргенім сол.
Әрі-беріден соң үйреніп, белсенді сымаққа да айнала бастадым. Оқушылар жиналысында сөз алып сөйлеп, тіріле бастадым. Театрда роль алып ойнадық. “Ақ жол” газетіне корректор боп кірдім. Кейін Мұратбай ұлы Ғанидің ұйымдастыруымен “Жас алаш” газетін шығардық. Оның алғашқы номерінің бас мақаласын жаздым. Ол номерде “Жалпы жасқа” деген үгіт өлеңім басылды. Алғашқы басылған өлеңім осы шығар деймін. (Айта кету керек: “Жыл құсы” деген журналдың алғашқы санында Бәйділдә ұлының мені ұлтшыл деп көлденең тартатын өлеңі осы. Ол күндегі менің саяси сауатым анау болатын. Жалғыз мен емес, ол уақытта талай қазақтың тап мәнісін ұғына қоймаған кезі еді! “Жас алаш” деген газеттің атынан да тануға болады. Осылай өсу қазаққа табиғи жол еді. Іштен туа интернационалист едім деген құр жанғайла. Өтірік. Қазақтың тарихи өсуінің шеңберіне симайтын алыпсатарлық. Ондай жолдастар өзін де, өзгені де алдайды. Ол қиянат!).
Институттан қыстай оқып шықтым. Жаз Тәшкенде қалуға денсаулық көтермеді. Наркомземнің шөп шаптыратын агитаторы болып Жетісуға аулыма кеттім. Қайтып Тәшкенге жете алмай қалдым.
Жетісуда қазақ-қырғыз жарлы-жалшы ұйыстырылған жыл сол. Алматыда “Кедей еркі” деген газет шыға бастады. Соған ауылдан тілші болдым. Ұмытпасам, бір-екі өлеңім басылды. Ауылда жарлы-жалшыларды ұйымдастыру жұмысында болдым. Бұл жылы тамтұмдап жазған өлеңім бар.
Сол жылы күзде ауылда мұғалім болдым. Қыстай бала оқыттық. Жазғасалым посевкомның өкілі боп кеттім. Жаздан күзге шейін ауру болдым. (Бұл 1922-жыл ғой). 1923 жылға қарсы Алматыға келдім. Талабым оқуға кіру еді. Кіре алмадым. Жетісу облысының Қосшы Комитетіне ағарту жөнінен нұсқаушы болдым.
“Тілші” атты газет шығатын. Оның ептеп тапсырған жұмысын атқара жүрдім. Жазуға айналыстым. Газетке, өлең-әңгіме жаза бастадым. Міне, менің қаламға ниетпен айналыса бастағаным осы 1923 жылдан, “Тілші” газетінен басталды.
Газеттен басқа “Жетісу әйелі” деген журналдың бір нөмірі шықты. Онда бір өлең, бір әңгімем басылды. Онан кейін Тәшкендегі қазақ баспасөзіне оны-мұны жазып жібере бастадым. (“Жас қайрат”, “Сана”, “Шаншар” сияқтылар). Бұлардың басылғандары да, басылмағандары да болды. Қазақстан кіндігі – Қызылордаға келгелі “Лениншіл жас”, “Жаңа мектеп”, “Әйел теңдігі” сияқты журналдарға, газетке анда-санда жазып тұрамын. Бірақ оқымай, әлеумет қызметіне араласып кетуіме жалпы білімсіздіктен көп қиындық көрдім. Надандық басымдығы діңкеме тие берді. Оқуға қатты аңсадым. Аяғында, 1925-жылы сұрануыммен губернелік ағарту бөлімінің басқарушылық қызметінен шығарып, партия ұйымы оқуға жөнелтті. Мәскеу келіп, осы күнгі оқып жатқан мемлекеттік журналистер институтына кірдім. Міне, менің өмірімнің соқпағы.
Менің еңбектерім:
1.Жоғарғы айтқан “Балдырған” – өлең
жинағы.
2. Журнал-газеттердегі өлең, әңгімелерім.
3. Өзімде басылмаған әңгіме, өлеңдерім.
4. “Сағанақ” – азғана өлең жиағы (ба-
Сылып жатса керек).
5. “Беташар” – кішкентай үгіт өлең,
Әйелдер бөлімі басты. (Бұл – менің ал-
ғашқы шыққан кітабым).
6. “Өтірік” – ел әдебиетінен жинақ.
Бұдан басқа не бар, не жоғын өзім ұмыттым.
***
Жалпы жазушылықты өзімнен дәме етпеген едім. Сондықтан жазғаным аз. Тек анда-санда шұқыма сияқты. Соңғы уақытта кейбір жолдастарым сенен бірдеңе шығады деген соң, енді жазушы болғым келеді.
Білмеймін, ақтай алар ма екем?
***
Білім мөлшерім, өмір соқпағым шет жұрттың әдеби қазынасымен танысуға әлі мүмкіндік бермей келеді.
ІЛИЯС.
1928-жыл, 25-ғинуар.
Мәскеу.»
І. Жансүгіровтің бұл еңбегінен оның қарапайымдылық қасиетінің жоғары болғанын және білімге деген құштарлығын аңғаруға болады.
Бүгінгі сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған І. Жансүгіровтің өзінің жеке өміріне арналған тек бір ғана еңбегі. Ал мұрағатта сақтаулы қоғам қайраткерінің жеке қорындағы құнды құжаттары да баршылық.
І. Жансүгіровтің аталған еңбегінде бейнеленген өмірі жолы, өселең ұрпаққа, әсіресе, ауыл жастарына үлгі боларлықтай өмір мектебі десек те боларлықтай...
Шалабаева Айгүл Берікбайқызы,
ҚР МСМ ОМА-ның архив қорларын
жариялау және пайдалану қызметінің
жетекшісі
https://kaz.tengrinews.kz/article/1008/?fbc...xrX_bfStVBLjhjk

|
|
|
 |
|
|

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы - Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiрi. ҚР Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы" конституц. заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Мемл. ту көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген....
| |
|
|
|
|
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ Ресми сайты |
 |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ Ресми сайт |
 |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ CПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ |
 |
|
|
|
|
|