
2003 жылдың сәуір айының 3-де Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Мысыр Араб Республикасы Елшілігінің Египет мәдениет орталығымен бірігіп, «Қазақстанның араб елдерімен тіл білімі, тарих және мәдениет салаларындағы байланысы» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференцияға Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бірінші проректоры М.М. Бүркітбаев; Египет мәдениет орталығының директоры, доктор Ашраф Дарвиш; Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Ә. Б. Дербісәлі; «Нұр-Мүбарак» университетінің ректоры, профессор Махмуд Фахми Хиджази; Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының Бас директоры Л.С. Ақтаева («Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының Египет Араб Республикасымен мәдени байланысы» атты баяндама жасады); Америка университетінің (Каир қ.) докторы Иман Сулейман; Арабтану орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор Г.Е. Надирова және т.б. қатысып, сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, оның ішінде Мұрағат қорларын жариялау және пайдалану қызметі «Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының Мысыр Араб Республикасымен мәдени байланысы» атты тақырыпта көрме дайындап, ұсынды. Көрмеге мұрағатқа келіп түскен Араб қолжазбалар институтының (Мысыр, Каир қ.) және Жамбыл облысының тумасы, Мысыр Араб Республикасының азаматы, доктор, профессор Насрулла Ат-Таразидің жеке қорының құжаттарынан құнды мұрағаттық құжаттар мен мұрағаттық көшірмелер қойылды.
Конференция үшін мұрағаттың қорларынан слайд-шоу дайындалды, конференцияға қатысушылар көрмемен танысты.